Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі: Депутаттар заң жобасымен танысты

278

Соңғы жылдары Түркістан халқының саны артып жатыр. 

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі: Депутаттар заң жобасымен танысты Фото: citynews.kz

Мәжілісте "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осыған дейін Мемлекет басшысы Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беруді тапсырды.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің сөзінше, заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы негіз болды. Сонымен қатар қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі де бар. Вице-министр Түркістан қаласындағы халық саны соңғы 6 жылда 60 мыңға өскенін айтты.

Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және т.б. мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелген. 

"Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері: Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану. Сондай-ақ қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру да бар. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау Заң жобасының негізгі қағидаттарына жатады. Заң жобасының негізгі новеллалары қатарында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау кіреді", - деді ол.

Айтуынша, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.

"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру, мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру, заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген", - деп жалғастырды вице-министр.

Қала мәслихатына 7 құзырет берілетін болады:
- қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын;
- Сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын;
- Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын;
- Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын;
- Көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын;
- Түркістан қаласының аумағында нышанды пайдалану тәртібін бекіту.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу