Түркістан қаласында Абай мен Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші ашылды

2562

Демеушілер есебінен жасалған екі ескерткіштің де авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мүсіндері монументалды стильде жасалған. 

Түркістан қаласында Абай мен Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші ашылды

Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы мен ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай еңселі ескерткіштер орнатылды. Салтанатты рәсімге ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Абай Құнанбайұлының тас мүсіні шаһардағы "Оқушылар сарайы" ғимаратының алдына қойылды. Ал әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші жаңа облыстық драма театры алдынан бой көтерді.

Демеушілер есебінен жасалған екі ескерткіштің де авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мүсіндері монументалды стильде жасалған. Қоладан құйылған қос ескерткіштің биіктігі – 4 метр, салмағы – 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған.

Ескерткіштердің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қасиетті қаладағы іс-шараны ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына тағзым ету мақсатында атқарылып жатқан игі іске балады.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда. Түркістан бар қазақтың басын қосып, ел болып, бәтуа жасаған тарихи алқап. Осы екі рухани тұлғаға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы – әрине заңдылық, әрине қажеттілік. Өйткені бұл ескерткіштер – жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгер болады деген үміттен шыққан ниет, шара", – деді Мемлекеттік хатшы.

Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өркениет көшіндегі әйгілі ойшылдардың мерейтойы қатар келген биылғы жылдың еліміз үшін елеулі жылға айналуын атап өтті.

"Біз бұл тойларды Мемлекет басшысы айтқандай, ысырапшылдықпен емес, ынсап пен тәлім-тәрбиенің төңірегінде атап өтудеміз. Бұл – дұрыс шешім. Биылғы жылдың ауыр болғанына қарамастан біз ұлт руханиятына берері мол, рухани-мәдени бағыттағы біршама жұмыстар атқардық. Елеулі еңбектің бірі – бүгінгі тұғырға қонған бабаларымыздың бейнесі. Абай мен Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіштері жаңарған Түркістанның өміршең келбетін қалыптастыруға оң ыңпалын тигізеді деп сенемін", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған арнайы делегация сондай-ақ Отырар ауданындағы қайта жөндеуден өткен Әл-Фараби естерткіші мен "Даңқты бабалар саяжолы" аллеясында болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу