Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынады

1542

Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектебінің жаңа жобасы мақұлданды.  

Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынады

Саттарханов даңғылының бойынан бой көтеретін ғимарат заман талабына сай, әрі шаһардың жаңарған келбетіне сәйкес салынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа нысанның құрылысы жақын уақытта басталып, келер жылы пайдалануға берілмек. Аумағы 320 орындық болатын спорт кешенінде үлкен зал мен бірнеше жаттығу бөлмелері орналасады деп жоспарланған. "Желілік саябақ" бойында, бұрынғы орнынан қайта бой көтеретін зәулім кешеннің айналасы толық абаттандырылып, көгалдандырылады.

Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа спорт кешенінің жобасымен танысып, мақұлдады. Аймақ басшысы сондай-ақ, Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады.

Құрылысшылармен кездесіп, алаңдарда сақтық пен карантин шарттарын күшейту керектігін ескертті. Қажет болған жағдайда тәулік бойғы жұмыс кестесіне көшуді тапсырды.

Облыс әкімі бұдан бөлек Түркістанда жаңадан салынып жатқан сәулеті ерекше мешіт құрылысымен де танысты. Қалаға кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіттің құрылысын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қолдаған.

Шығыстық нақышта жасалған Ислам орталығының 20 мың шаршы метр аумаққа жайғасқан. Жаңа ғибадат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Діни ғимарат Ұлы Жібек жолы бойымен көне шаһарға келетін туристердің қызығушылығын арттыратын тағы бір нысан болмақ. Ақ мешітте мұсылмандық жораларды жасайтын орындар, конгресс-холл, неке сарайы, 400 орындық медресе, кітапхана, асхана салынады деп күтілуде. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 38 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеті ашық түсті травертин мен ақшыл мәрмәр таспен қапталуда. Саттарханов даңғылының бойындағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртқы көрінісі бірыңғай стильде жаңартылуда.

Облыс әкімі "Желілік саябақтың" үшінші кезеңінің жұмысын да бақылады. 15 гектар аумақта 200-ге жуық жұмысшы мен 80 техника жұмылдырылған. Өмірзақ Шөкеев мәдени – рухани орталықтағы құрылыс басында болып, "Керуен сарай" тұрғын үй кешенінде атқарылып жатқан жұмыстар барысын аралап көрді. Алаңның аумағы жасыл желекке оранып, веложолдар салынуда. Жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болуы үшін жарықшамдар мен орындықтар қойылып, көгал, су арнасы өткен демалыс аймағына айналмақ.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу