Түркістанның мәдени-рухани орталығында қолөнершілер шеберханасы бар теңдессіз туристік кешен салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазіргі жоспарға сәйкес, кешенде ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын және қолөнер технологиясын оқытатын ірі шеберхана салынғалы жатыр екен. Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту.
Жаңа жоба Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен басқосуда талқыланды. Қолөнершілер қалашығынының жалпы аумағы – 9 мың шаршы метр. Бұл жоба әлі де терең талқыланып, тиісті шешім қабылданады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жаңа қалашыққа қонақүйлер мен ас үйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту шаралары да жоспарланып отыр.