Түркістан қаласының халқы 500 мың адамға жетеді

631

Әкімшілік іскерлік орталықтағы 14 нысанның құрылысы аяқталды. 

Түркістан қаласының халқы 500 мың адамға жетеді

Түркістан қаласының аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға ұлғайтылды. 
Үкімет отырысында Түркістан қаласының даму барысын баяндаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. 

Оның айтуынша, қазір Түркістанда 176,2 мың адам тұрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш – 250, 2035 жылы – 350, 2050 жылы – 500 мың болады. 

"Қала жобасы әкімшілік-іскерлік орталық, рухани-мәдени орталық, тұрғын алаптары, жаңа құрылыс алаңдары, өндірістік және табиғи-рекреациялық аумақтар болып бірнеше бөлікке бөлінеді. Қаланың шығыс бағытындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталық 1450 га аумақты қамтиды. Онда білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар кешені, бизнес орталықтары, кеңселер, банктер және басқа да нысандар салу көзделген. Бүгінде әкімшілік іскерлік орталықтағы 14 нысанның құрылысы аяқталды", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Әкімнің сөзінше, Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығы 290 га алқапты құрайды. Онда Әзірет Сұлтан қорық мұражайы, Керуен сарай, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы және бес жұлдызды 3 қонақ үй салынып жатыр. 
"Бүгінгі таңда мәдени-рухани орталықта бас жоспарда жобаланған 10 нысанның алтауы толық аяқталды, қалған нысандар бекітілген жоспарға сәйкес қолданысқа беріледі. Аталған нысандар қаланың өткені мен заманауи түрленген келбетін көрсетеді", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу