Жоба жеке кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлының бастамасымен жүзеге асырылуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.
4,8 гектар аумақта орналасқан шаруашылық былтыр су айдынына 1 миллион амур шабағын жіберіп, нәтижесінде 4 тонна балық алған. Биыл шабақ саны 3 миллионға дейін көбейтіліп, олардың 600 мың данасы сатылымға шығарылған. Қалғанынан қосымша 10 тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Кәсіпорында қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Келесі жылы уылдырық өндірісін 100 келіге дейін ұлғайту көзделуде.
Аймақта балық шаруашылығымен қатар өзге де өндірістік жобалар қарқын алуда. Мәселен, 76,2 гектар аумақтағы "Көшім" шаруа қожалығы жылына 32 тонна балық өндіріп, 15 адамға жұмыс беріп отыр. Ал "Керуен" өндірістік цехы жылына 700-800 тонна үй-тұрмыстық химия өнімін шығарады.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан бұл жобалар Келес ауданындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға серпін беруде.