Түркістан мен Өзбекстанның Риштан қаласы арасында бауырластық туралы меморандум жасалды

170

Самарқандтағы халықаралық форум аясында екі қала сауда, туризм, мәдениет және инвестиция салаларындағы байланысты нығайтуға келісті.  

Түркістан мен Өзбекстанның Риштан қаласы арасында бауырластық туралы меморандум жасалды Фото: gov.kz

Өзбекстанның Самарқанд қаласында алғаш рет өтіп жатқан "Бауырлас қалалардың халықаралық форумы" аясында Түркістан қаласы мен Өзбекстан Республикасының Риштан қаласы арасында бауырластық және серіктестік қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халықаралық шараға 20-ға жуық елден 300-ден астам қатысушы жиналды. Форумға Қазақстан, Қырғызстан, АҚШ, Әзербайжан, Сербия, Жапония, Қытай, Ресей, Түркия және өзге де мемлекеттердің қала әкімдері, муниципалитет басшылары, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Қазақстан атынан форумға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Өмірзақ Адхам қатысты.

Қол қойылған меморандум екі қала арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат аясында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция тарту, туризмді дамыту, білім, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларында тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.

Форум барысында делегациялар "Мәңгілік қала" туристік кешенінде өткен Достық ағашын отырғызу рәсіміне де қатысты. Бұл шара бауырлас қалалар арасындағы өзара сенім мен ұзақ мерзімді әріптестіктің белгісі ретінде ұйымдастырылды.

Сонымен қатар форум аясында B2B және B2G форматындағы кездесулер өтіп, кәсіпкерлер мен инвесторлар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, іскерлік байланысты нығайту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы әрі Қазақстанның тарихи-туристік орталығы болса, Риштан қаласы дәстүрлі керамика өнерімен танымал. Екі қала арасындағы жаңа серіктестік туризм, мәдениет, қолөнер және кәсіпкерлік салаларындағы бірлескен жобаларға жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу