Облыста транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жоба қолға алынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде Түркістан – Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл аталған жолдың 52,7 шақырымы пайдалануға берілмек. Жоба 2026 жылы толық аяқталады.
Сонымен қатар, Кентау қаласынан тікелей Жамбыл облысы мен Созақ ауданына және Түркістан халықаралық әуежайы мен Шымкент қаласына қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталған.
Облыста жол құрылысы саласын дамыту бойынша өзге де жобалар жалғасын табады. Мәселен, 2025-2027 жылдар аралығында Сарыағаш қаласында 102 шақырым айналма жолдың құрылысы бойынша бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау жұмыстары жүргізілуде. 2026-2028 жылдары Түркістан қаласында 30 шақырым шығыс айналма жолының құрылысы мен 48 шақырым Шымкент айналма жолының құрылысы басталмақ. Яғни, Түркістан қаласының ортасынан өтетін "Батыс – Еуропа – Батыс Қытай" автобаны қала сыртына шығарылады. 4 жолақты автобан 2025-2027 жылдар аралығында іске асады деп күтілуде.
Түркістан облысы Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы алтын көпірге айналған. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасындағы "Қапланбек" және "Қазығұрт" кеден бекеттеріне жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Кеден бекеттеріне кіреберіс жолдарды да кеңейту жұмыстарын жүргізуге жоба әзірленген. Аталған жобалар көліктік инфрақұрылымды дамытып, транзиттік әлеуеттің артуына оң әсер етеді.
Биыл облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1 103,3 шақырым жол мен көшелер қамтылады. Жыл қорытындысында 547 шақырым жол пайдалануға беріледі. Яғни, облыстық маңызы бар 291,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп, 111,8 шақырым жол пайдалануға берілетін болады. Ал аудандық маңызы бар 159,5 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жасалып, жыл қорытындысында 142,1 шақырымы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сонымен қатар, елді мекендердегі 652,7 шақырым жол жөндеуден өтіп, биыл 293,1 шақырымы пайдалануға беріледі. Оның ішінде, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 347 көше қамтылып отыр. Ал, жыл соңына дейін 130,1 шақырым көше пайдалануға берілмек.
Негізінен, Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырым. Оның 678 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, 3983 шақырымы – облыстық маңызы бар жол. Ал, 1726 шақырымы аудандық маңызы бар жолды құраса, 11 305 шақырымы елді мекен көшелері саналады.