Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыстың құрылғанына биыл 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында аймақтың ауыл шаруашылығы саласында оң көрсеткіштер байқалып отыр.
"Облыс экономикасының маңызды саласы – ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1 трлн теңгеден асып, аймағымыз республикада көш бастады. Жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды", - деді облыс басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, Дархан Сатыбалды салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылып отырғанын баса айтты.
"Қарқынды бау көлемі 5405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Бұрын 60-70 центнер жиналған. Су үнемдеу технологиясы 31788 гектарға, "Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу" жобасы 9403 гектарға ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салуды жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті әкім.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы мал шаруашылығының дамуы бойынша да республикада алдыңғы қатарда. Атап айтқанда, мал басы, өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсіп отыр.
"Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің – 60 пайызы біздің үлесімізде. Атап айтқанда, 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортталды", - деп толықтырды ол.