Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 20-дан астам инвестициялық жоба іске асырылмақ

45

Бұл туралы брифингте Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында 20-дан астам инвестициялық жоба іске асырылмақ Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бәйдібек ауданында алдағы жылдары жалпы құны 27 млрд теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба іске асырылмақ.

Нәтижесінде, 182 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

Оның ішінде өңдеу, туризм, агроөнеркәсіп, баламалы электрмен қамту және басқа да кәсіпкерлік салалары бар.

"Өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 60,7 млрд теңгені құраса, биылғы жылдың үш айында 8,8 млрд теңгені құрап отыр. Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 29,4 млрд теңгеге жеткізу көзделсе, ауыл шаруашылығының өнім көлемін 40,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, ауданда халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, өткен жылы 3 184 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Жұмыспен қамту шаралары биыл да өз жалғасын табатын болады. 2024 жылы 2 495 адам жаңа жұмыс орындарына жолданбақ. Биыл аудан бойынша жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Олардың ішінде аудандағы Ағыбет және Бәйдібек ата елді мекендерінде дене шынықтыру және сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Одан бөлек, Шақпақ ауылында спорт кешенін, Амансай ауылында мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Ұлттық қордан қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, биыл аудандағы Боралдай елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізіліп, "Ұлттық жоба" аясында екі медициналық тірек пен екі дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, 2024 жылы аудандағы 15 елді мекенде балалар және спорт ойын алаңшалары салынады", - деді аудан басшысы.

Айта кетсек, аудан аумағында орналасқан 21 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бүгінде 12 елді мекен мен 1 мөлтек ауданға газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, бүгінде аудандағы 50 елді мекеннің 44-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары биыл жалғасын табады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу