Ақтау қаласында Қазақстан мен Өзбекстан Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы қарсаңында "Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері" атты бизнес-диалог өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара барысында екі ел кәсіпкерлері сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық жобаларды іске асыру және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу аясында Түркістан облысы мен Өзбекстан бизнес өкілдері жалпы құны 66 млн АҚШ долларын құрайтын бес ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісімдерге сәйкес, 47 млн доллар көлемінде металл өңдеу зауытын салу, 2 млн доллар инвестициямен күнбағыс майын өндіру кәсіпорнын ашу жоспарланған. Сондай-ақ жүгеріні терең өңдеу өнімдерін экспорттау, ет өңдеу кешенін дамыту және 12 млн доллар көлемінде заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жобалары жүзеге асырылады.
Форумда сауда, экспорттық кооперация, көлік-логистика, су қауіпсіздігі және экология бағыттары бойынша панельдік сессиялар өтіп, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері тәжірибе алмасты.
Қол қойылған келісімдер өңірге инвестиция тартуға, жаңа өндірістер ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жұмыс орындарын құруға бағытталған.