Түркістан облысы құрылғаннан бері өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде бірқатар кешенді шаралар іске асырылуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау жұмыстары күшейтілді. Инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге де басымдық беріліп отыр.
Соңғы 8 жылда облыс экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн 745,6 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артты.
2026 жылдың алғашқы бес айында өңірге 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсімді көрсетті. Ал өткен жылдың бес айында көрсеткіш 387,8 млрд теңге болған.
Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарлы межеден асып түсті.
Биыл жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облыста инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. "Turan" арнайы экономикалық аймағы, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктер инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға негізгі алаң ретінде қызмет етуде.
Алдағы уақытта да өңірге инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және экспорт көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.