Түркістан облысынан Қостанайға гуманитарлық көмектер жөнелтіле бастады

695

Түркістан облысы, Арыс қаласының жұртшылығы ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауды бастап кетті. Олардың қатарында қарапайым азаматтар да, шағын бизнес өкілдеріде бар.

Түркістан облысынан Қостанайға гуманитарлық көмектер жөнелтіле бастады

Жұдырықтай жұмылған Арыс халқы бір күнде 3 тонна ұн, 100 адамға лайықталған төсек жабдықтары (жастық, жамылғы, төсеніштер), 1 тонна макарон, 500 литрге жуық өсімдік майы, 10 тонна ауыз су, 1 тонна картоп және 1 тонна сәбіз, 3 тонна пияз, 1 ауыр жүк көлік қауын, жарты тонна орамжапырақ секілді тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары және бірінші кезектегі қажетті заттарды Қостанай облысына жөнелтті, деп хабарлайды inbusiness.kz өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2019 жылы Арыс қаласында болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайда қаланы қалпына келтіруде қол ұшын созған қостанайлық ағайынның игі ісін арыстықтар ұмытпайды! Арыстық тұрғындар, меценаттар, қоғам белсенділерінің бұл бағыттағы игі ісі әлі де өз жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ Мақтаарал ауданынан 23 тоннадан астам көмек жолданды.

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен мақтааралдықтар бір түннің ішінде өрттен зардап шеккен қостанайлықтар үшін 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Бүгін таң сәріде аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің директоры Сүндет Кенжебаевтың басшылығымен үлкен жүк көлігі алыс жолға аттанды. Жалпы гуманитарлық көмекті жинауға жергілікті меценат кәсіпкерлер, аудан тұрғындары және ерікті жастар белсене атсалысты.

– Мақтааралдықтар тасқын судан зардап шеккенде бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде қостанайлықтардың көмегін ұмытқанымыз жоқ. Міне, бүгін сол қостанайлық бауырларымыздың басына түскен қайғы-қасіретті бөлісу үшін ең алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмекті жіберіп отырмыз. Біздің күшіміз – бірлікте. Біріксек қана бұл қиындықты да жеңе аламыз. Біз біргеміз, Қостанай! – деді аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров

Айта кетейік, азық-түлік өнімдерінің ішінде ұн, күнбағыс майы, ас тұзы, макарон, күріш, қарақұмық, маш, бұршақ, шекер, тез дайындалатын кеспе, пияз, печенье және ауыз су өнімдері бар. Сондай-ақ қағаз майлықтар, жаялықтар, әжетхана қағаздары мен 200 дана төсек орындары жүк көлігіне тиелді.

Түркістан қаласынан 20 тонна көмек жөнелтілген. 

Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға түркістандықтар да көмектесуге ниетті. Облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 1 күндік жалақыларын аударса, кәсіпкерлер де қаржылай көмектерін көрсетуде.

Қазіргі таңда жиыны 70 млн теңге қаржы Қостанай облысына көмек ретінде жиналды.

Олыста бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығы" ғимараты мен Түркістан қалалық "Amanat" партиясының жанындағы "Jastar ruhy" жастар қанатының коворкинг орталығы, "Қызыл жарты ай" қоғамдық қоры штабы, Шымкент қаласындағы облыстық әкімдіктің бұрынғы ғимаратында қостанайлықтарға берілетін көмек заттары жиналуда.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының аудан-қаладағы филиалдары да көмек көрсетуде белсенділік танытуда.

Сондай-ақ 17 аудан, қалалық "Жастар ресурстық орталықтары" ғимараттарында гуманитарлық көмек жинақталуда.

Қазіргі таңда халыққа аса қажетті заттар:

- Төсек жабдықтары, көрпе-көрпеше, жастық, матрастар;

- Санитарлық жабдықтар;

- Ұзақ уақытқа жарамды консервіленген және жартылай фабрикатталған азық-түлік болып отыр.

4 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша 1 камаз гуманитарлық көмек жөнелтіліп үлгерген.

Ал бүгін қосымша тағы да 20 тонналық 2-3 жүк көлігі гуманитарлық көмек Қостанай облысына жіберіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу