Түркістан облысында бес ауданды сумен қамтамасыз ететін топтық су құбыры мен су электр станцияларының каскады салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба нәтижесінде 1 миллионнан астам тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізіп, өңірдің энергия тапшылығын азайтуға мүмкіндік туады.
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен "South Hydro Power" ЖШС жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойды. Бастама Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында қолға алынған.
Жоба Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарын қамтиды. Сонымен қатар су электр станцияларының каскады жылына 72 МВт көлемінде "жасыл" электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Келісімде су тұтыну көлемі, инвестициялық кезең және нысанды пайдалану мерзімдері белгіленген. Сондай-ақ ұзындығы 54,7 шақырым болатын магистральдық су құбырын кейін мемлекет меншігіне өтеусіз беру көзделген.
Топтық су құбыры мен су электр станцияларының каскады Қазақстанның стратегиялық су нысандары тізіміне енгізілген. Құрылыс кезінде отандық өнімдердің үлесі 90 пайызды құрайды.
"Бүгін біз маңызды стратегиялық құжатқа қол қойдық. Бұл жобаны іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Түркістан облысының дамуына елеулі үлес қосады. Қосымша энергетикалық қуат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын экологияға зиян келтірмей, тиімді орындауға мүмкіндік береді", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.