Түркістан облысында 167 шаруаның жылыжайы жарамсыз күйде тұр

511

Жеке кәсіпкерлер шығынға батты.   

Түркістан облысында 167 шаруаның жылыжайы жарамсыз күйде тұр Фото: gov.kz

Түркістан облысында 167 тауар өндірушіге тиесілі 36 гектар жылыжай жарамсыз күйге түсті, деп жазады inbusiness.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мол жауған қардан құлаған жылыжайлардың басым бөлігінде егін егу жұмыстары басталмаған. Жалпы шағын жылыжайлар тұтастай конструкциядан, қолдан жасалған. Бүгінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түскен.

Осы мәселеге байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы фермерлермен кездесті. Облыс әкімдігінде жылыжай иелеріне қолдау көрсету жолдары жан-жақты қарастырылып жатыр.

Жергілікті атқарушы орган тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акт ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің өтеу мерзімін 1 жылға кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданды.

Ірі жылыжай кешендерінің шығынға ұшырамағаны анықталды. Бұдан басқа бизнесі сақтандырылғандықтан, шығындарды заң жүзінде өтеу жағы қаралған.

"Зардап шеккендер – шағын жылыжайлар. Оларға қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ та жылыжайлардың 90%-дан астамының құжаттары жоқ не түгел болмай шықты. Заң аясында қаржылай қолдау жағы қиынға түседі. Осыған байланысты аймақтағы жылыжайларды жаппай заңдастыру мәселесі көтерілді", - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бұдан басқа кездесуде алдағы уақытта көмір тасу мәселесін шешу үшін шаруа қожалықтарын операторлармен тікелей байланыстыру мәселесі де қаралды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу