Түркістан өңірінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін биыл 74,1 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов мәлімдеді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің жалпы ұзындығы 18 147 шақырымды құрайды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 2018 жылдың жоспары ретінде 70,7 пайыз болып белгіленгенді, меже 71,2 пайызға жетіп, асыра орындалды.
Сондай-ақ, өткен жылы 956,6 шақырым жол мен көшелер немесе 73 нысанға (7 көпір) құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 52 нысаны немесе 521,9 шақырымы пайдалануға берілді. Ал 2019 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен қаржы қаралып, нәтижесінде 974,2 шақырым жол мен көшелер немесе 69 нысан құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылатын болады. Оның 653,2 шақырымы немесе 49 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады.
Қазіргі таңда, өңірде жол жамылғысының негізіне Soil Grip химиялық тұрақтандырғышын пайдаланып, негізгі қабатты арнайы техникамен өңдеу технологиясы бойынша 2018 жылы жалпы – 217,9 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп, оның 93,9 шақырымы пайдалануға берілсе, қалған 124 шақырым жол пайдалануға биыл беріледі.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 410 көпір орналасқан. 2018 жылы 7 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жыл қорытындысымен барлық көпірлер пайдалануға тапсырылған. Сондай-ақ, бүгінгі таңда, 28 көпір жөндеуді қажет етеді, оның 9-ына ЖСҚ әзірленген. 2019 жылы 5 көпір жөндеу жұмыстарымен қамтылып, пайдалануға берілетін болады.