Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауылында нағыз вундеркинд өсіп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
Әли Адамбек есімді бала небәрі 4 жасында мектеп табалдырығын аттаған. Бойы тақтаға әрең жеткенімен, ойлау қабілеті ересектерді таңғалдырумен келеді.
Зерек бала екі таңбалы, тіпті үш таңбалы сандарды ойша есептеп, көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды екен.
"Алтынтөбе" орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, 4 жасар бүлдіршін тіпті 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді шығарып, көпшілікті қайран қалдырып жүр.
"Басқа балалар мультфильм көрсе, Әли ағылшын тіліндегі математикалық контенттерді қызығып тамашалайды. Ұйықтар алдында ертегі тыңдаудың орнына, жарты сағат бойы есеп шығарып, көбейту кестесін айтуды өтінеді", – дейді анасы Нұргүл Мырзағали.
Әли әліппені де толық меңгерген, ендігі мақсаты – ағылшын тілінде жазуын жетілдіру, деп жазды әкімдік.