Түркістан облысында күн райы 46 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Синоптиктер 27-30 маусым күндері күндіз Түркістан облысында өте қатты ыстық болатыны жөнінде ақпарат таратты.
Өңірдің оңтүстік аймақтарында ауа температурасы 45-46 градусқа дейін жоғарылауы ықтимал.
"Негізгі ыстық 27 маусым күні тіркеледі деп отырмыз. Ал одан соң күн райы 41-43 градус аралығында болады. Аса қажет болмаса түскі мезгілде көшеге шықпау қажет немесе күннен қорғанатын заттарды өзіңізбен бірге алып жүрулеріңізді сұраймыз. Таулы аймақтарда өткінші жаңбыр сіркіреуі мүмкін", - дейді Қазгидромет мамандары.
Ал, дәрігерлер ыстық күндері көбірек су ішу керек деген кеңес береді. Сондай-ақ, күн астында көп жүрмеу керектігін ескертеді.
Егер терінің қызаруы, қызба, жүрек айну, ентігу, құрысулар және талып қалу секілді белгілер байқалса, бірден жедел жәрдем шақыру қажет.
Облыстық төтенше жағдай департаменті күннің қатты ысуына байланысты өрт қауіптілігінің 5-ші санаты енгізілетіндігін хабарлады.
"Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағындағы өрт қауіпті кезеңге дайындық жұмыстары пысықталды. Техника мен жеке құрам дайындыққа келтірілді. Сонымен қатар, орман шаруашылығы, полиция қызметі, төтенше жағдай, жергілікті атқарушы орган өкілдерінен мобильді топтар құрылып, рейд жүргізіп жатыр. Өрт қауіпсіздігі ережерлерін қатаң сақтауды сұранамыз", - деді Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Дулат Арын.