Түркістан облысының аумағында 17 мен 21 қыркүйек аралығында жүргізілген "Қару" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 64 дана заңсыз қару тәркіленді. Учаскелік инспекторлармен 7 мыңнан астам қару иелері тексеріліп, заңсыз қару сақтау ережелерін бұзғаны үшін 429 азаматқа қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарумен жасалынатын қылмыстың алдын алу және заңсыз сақталған қаруды анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараның 5 күнінде туркістандық полицейлермен 2 ойықұңғылы, 55 -аңшылық, 4 газды тапанша, 2 травматикалық және 1 электрлі қару алынды. Ауыл тұрғынынан тіркелмеген 16 калибрлі аңшылық қаруы және 2 оқ-дәрі тәркіленді. Ал, Мақтарал ауданында жергілікті тұрғыннан 1959 жылы шығарылған ТОЗ-8 карабині табылған. Қазіргі таңда тәркіленген қаруларға тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық жайттар Қылмыстық кодекстің "Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сақтау" бабы бойынша СДТБТ-не тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.