Түркістан облысында қазақстандық және қытайлық инвесторлар бірлесіп 75,3 млрд теңгеге индустриялық аймақ ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоспарланған жобалар қатарында джинсы матасын, трикотаж және басқа да мата түрлерін өндіру бар. Сонымен бірге шетелдік инвесторлар қатысуымен халықаралық тоқыма орталығын іске қосу, алюцинг өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жарықтандыру жабдықтарын шығару және күн панельдерін өндіру жобалары қарастырылған.
Әкімдік бүгінде 2025-2028 жылдарға арналған 111 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғанын айтты. Жобалар толық іске асса, өңірде 23 915 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Сонымен қатар белсенді қоспалар мен дәрумендер, кеңсе қағазы, сэндвич-панельдер, еден жабындары, тамшылатып суару жүйелері, балық жемі және өсімдік майы өндірісін іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл жобалардың басым бөлігі арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылуы тиіс.