Ленгір қаласында 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері СOVID-19 вирусынан айықты, деп жазады inbusiness.kz облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйеніп.
Ұлы Отан соғысының ардагері Александра Капустина осыдан 2 апта бұрын коронавирус жұқтырған.
"Науқастың дене қызуы көтеріліп, өкпесі қабынып әлсіреді. Ол шұғыл түрде Ленгір қалалық ауруханасына жатқызылды. Александра Капустина ауруханаға екі жақты полисегментарлы пневмониямен түскен. 2 апта ем қабылдаған ардагер коронавирустан құлан-таза айықты", – деп жазылған хабарламада.
Александра Капустина ақхалатты жандарға алғысын білдірді.
"Жағдайым өте ауыр болды, өзімді нашар сезіндім. Мені шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Осында емделдім. Барлық дәрігерге алғыс айтамын", - деді 99 жастағы ардагер.