Түркістан облысында ағайынды екі жігіт Сырдария өзеніне батып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 22 тамыз күні Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округі аумағында болған. Алдын ала дерек бойынша олар суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Туыстары 2002 жылғы жігітті жер қойнына тапсырды. Ал оның 1998 жылғы ағасын жерлеу рәсімі бүгін өтеді.
"Олар өзен жағасында демалған. Ол ауылдан інісін шақырып, балық аулайтын тор әкелуді сұраған. Басында бәрі таяз жерде жүрді, кейін інісі ағысы қаттылау тұсқа қарай ұзап кеткен. Басқалары судан шығып жатқанда, ол бата бастады. Осыны көрген досым бірден көмекке ұмтылды. Ол суға сүңгіп кеткенімен, қайтып бетіне шықпады. Інісі де су бетіне бірнеше рет шығып, содан кейін ол да су астына кете барды", – деді марқұмның досы.
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті ағайынды екі жігітті іздеуге барлығы 90-ға жуық адам қатысқанын хабарлады. Сондай-ақ арнайы техника, жүзу құралдары мен дрондар да жұмылдырылған.