Түркістан облысында Евро - 5 стандартына сай отандық өнім, АИ-92 маркалы бензин, дизель жанармайы мен бензол, толуол, ксилол және үлгілі мазут өнімдері шығарылады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бірегей жобаның ерекшелігі бұл өнімдер көмірден өндіріледі. Ордабасы ауданы, Бадам ауыл округіндегі "Стандарт Ресурсис" ЖШС көмір - химиялық комбинаты жылына 30 мың тоннаға дейін шикізат өндіруге қауқарлы.
1,5 млрд. теңге инвестиция құйылған жоба аясында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында инфрақұрылым желісі жүргізіліп, 3 шақырым жерде темір жол тартылған. Қазіргі таңда зауытта құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылуға дайындық үстінде.
Өнім тек ел көлеміндегі нарыққа ғана емес, ТМД елдеріне экспортталмақ. Негізгі мердігері-мұнай химиясы саласындағы нарық көшбасшыларының бірі болып табылатын ресейлік "ЭТН Циклон" компаниясы.