Түркістан облысында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған ер адам 7 жылға сотталды

611

Ол екі бірдей алаяқтық фактсінің алдында, басқа бір іс бойынша ұсталып жазасын өтеп жатқан.

Түркістан облысында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған ер адам 7 жылға сотталды

Түркістан облысында екі адамнан 600 мың және 4 млн теңгегеге алдап кеткен сайрамдық алаяқ ұсталып, 7 жылға сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

2021 жылдың наурыз айында Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған.

Жәбірленушінің айтуынша, 2020 жылғы 21 қазанда Ақсукент-Қарамұрт бағытындағы такси жүргізуші Өзбекстан Республикасындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген немересін заңды түрде ҚР-ға алып келе алатынын айтқан.

Такси жүргізушісінің сөзіне сенген әйел қайтыс болған қызының 2007 жылғы ұлын өзіне алу үшін 600 мың теңгеден астам ақша берген. Алайда арада бірнеше айлар өтсе де, сайрамдық тұрғын немересімен қауышпаған. 

Арада 1 аптаға жуық уақыт өткенде полицияға тағы бір тұрғын осыған ұқсас жайт бойынша арызданған.

Бұл жолы жәбірленушіге танысы жол-көлік апатынан қайтыс болған қызы мен күйеу баласының артында қалған екі немересін өз тегіне өткізіп беремін деп төрт млн теңге алған. 

Жедел-тергеу тобы қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, алаяқтық жасаған ер адамның жеке басын анықтады. Күдікті Төлеби аудандық сотымен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан 33 жастағы ер адам екені белгілі болды. Ол сотталмас бұрын жоғарыдағы аталған қылмыстарды жасап, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.

"Сайрам ауданының соты 33 жастағы күдікті жас жігітті ҚР ҚК-нің 190-бабымен кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігін қолданып, алдыңғы 2021 жылғы 22 қаңтардағы үкіммен тағайындалған жазаны осы үкіммен тағайындалған жазаға қосып, түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды", – дейді Сайрам АПБ-ның тергеушісі Жарқынбай Дархан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу