Түркістан облысында автогаз тапшылығы жоқ

285

Өңірде автомобильдік газ құю станцияларының саны қанша?

Түркістан облысында автогаз тапшылығы жоқ Фото: zhigergas.kz

Жуықта әлеуметтік желіде Түркістан облысында автогаз тапшылығы туралы ақпарат тараған болатын. Тіпті, кей ақпараттарда бекеттерде кезек қалыптаса бастағаны айтылады.

Аталған іске қатысты әкімдік түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бүгінде өңірде автомобильдік газ құю станцияларының саны – 248 бірлікке жеткен. Сондай-ақ, тұрмыстық баллондарға арналған 2 газ құю бекеті бар.

Аталған мәселеге қатысты ресми пікір білдірген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өңірде автогаз тапшылығы жоқ екендігін жеткізді.

"Биылғы жылдың ІV тоқсанына ҚР Энергетика министрлігі 35 980 тонна (қазан 10 920 тонна, қараша 12 536 тонна, желтоқсан 12 524 тонна) сұйытылған мұнай газы көлемі бөлінді. Жалпы облыстың тәуліктік тұтыну көлемі 450-500 тоннаны құрайды. 03.10.2024 жылға бөлінген көлемнен автогаз құю бекеттерінде 350 тонна сұйытылған мұнай газ қалдығы бар. Қазіргі таңда, облыстағы газ таратуды заңсыз шектеу тұрғысы бойынша аудан, қала әкімдіктерінен құрылған жұмысшы топ тарапынан газ бекеттерін тексеру жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Мәселе тұрақты бақылауда", – делінген әкімдік ақпараттында.

Айта кетейік, Түркістан облысында сұйылтылған мұнай газ таратушы 44 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Газ желісі ұйымдары қуатының жалпы көлемі – 8307,1 м3 құрайды. 2024 жылы 1 шілдесінен бастап ҚР Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйырығына сәйкес, облыста сұйытылған мұнай газының бағасы – 1 литр үшін 70-75 теңгеге көтерілді.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға газ мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын.

Депутаттың айтуынша, сұйытылған газды баллонға құйып сатудың тәртібі қатаңдатылғаннан бері жағдай ушығып кеткен. Ал, ТЖД мамандары Түркістан облысында айналымда жүрген 6 мыңнан астам газ баллонның 90 пайызы жарамсыз екендігін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу