Түркістан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Өңірлік балалар кардиохирургиялық орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа орталық туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын нәресте өлімін азайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында 900 мыңнан астам бала тұрады. Өңірде жыл сайын 80 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бір жасқа дейінгі балалар арасында жүрек пен қан айналымы жүйесінің туа біткен аномалияларымен сырқаттанушылық 1 мың балаға шаққанда 35 жағдайды құрайды. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 22,5.
2014 жылдан бері облыста туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 3 433 операция жасалған. Балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде жыл сайын 100-ден астам ота жасалады. Оның 78%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жасалады.
Орталықты ашу аясында кардиохирургия бөлімшесі кеңейтіліп, кардиожансақтау бөлімшесі мен операциялық залдар жөндеуден өтті. Нысан заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, білікті мамандармен жасақталды.
Мұнда балаларға жүрек ақауларын диагностикалау және емдеудің заманауи әдістері қолданылмақ. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және телемедицина арқылы консультациялық көмек көрсету жоспарланып отыр.
Орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, медициналық авиация арқылы Жамбыл және Қызылорда облыстарынан жеткізілетін жаңа туған нәрестелерге операция жасау тәжірибесі де бар.