Түркістан облысында білім бөлімінің есепшілері ақша жымқырды деген күдікке ілінді

475

Жауапкерлер 120 млн теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берген.

Түркістан облысында білім бөлімінің есепшілері ақша жымқырды деген күдікке ілінді Фото: Inbusiness.kz

Түркістан облысында білім бөлімінің есепшілері жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілеріне 1,2 млрд теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің 600 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағандарын мәлімдеді.

Бүгінгі таңда аталған 2 аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам.

"2020-2023 жылдар аралығында "1С: Бухгалтерия" есеп бағдарламасында жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлерінің (ЖСН) орнына олармен үлестес тұлғалардың ЖСН енгізген айыпталушылар анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бойынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта іс бойынша жауапкерлер 120 млн теңге көлемінде келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берген.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу