11 ақпан күні Түркістан қаласының тұрғыны Ұлдар Момбекова үшемді дүниеге әкелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сәбидің үшеуі де ұл бала. Салмақтары – 2010, 1950 және 2050 грамм. Нәрестелер мерзімінен бұрын дүниеге келгендіктен алғашқы күндері тиісті аппаратта болды.
Тексеру, емдеу, күтіп-баптау жұмыстары толығымен жүргізілді. Қазіргі таңда анасы мен сәбилердің жағдайы жақсы, үйге шығару жоспарланып отыр.
Алтын құрсақты ана жолдасы Самат Кокеновпен отбасын құрғандарына 14 жыл болған. Бүгінде 7 баланың анасы. Үш қыз бен бір ұлдың қатары үш батырмен толығып отыр.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының №3 перинаталдық орталығына арнайы барып, үшемді дүниеге әкелген батыр ананы мерекемен құттықтап, сый құрмет көрсетті.
– Түркістан облысы – көпбалалы аналарымен мақтанатын өңір. Облысымызда демографиялық өсім өте жақсы. Республикамыздағы әрбір жетінші сәби дүниеге келетін аймағымызда былтыр 50 мың бала өмір есігін ашты. Облыс орталығында халық саны жоғары қарқынмен өсуде. Өздеріңіздей отбасылар, батыр аналар көп болып, ұрпақ көбейе берсін. Құрметіміз жоғары, – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 11 үшем, 260 егіз өмірге келді. Аймақта 185 мыңнан аса көпбалалы ана бар.
Оның ішінде, 18 мыңнан аса "Алтын алқа", 43 мыңнан аса "Күміс алқа" иегері саналы ұрпақ өсіруде.