Түркістан облысында 2 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды

478

Арыс-2 және Темір станцияларындағы нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталды.  

Түркістан облысында 2 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды Фото: ҚР Көлік министрлігі Telegram

Түркістан облысында Арыс-2 және Темір станцияларындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысандар жолаушыларға қызмет көрсету үшін қайта ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңғырту барысында вокзалдардың шатыры ауыстырылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылып, перрондар қайта жөнделді және іргелес аумақтар абаттандырылды.

Вокзалдар заманауи жиһаздармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пандустар орнатылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай жаңа эвакуациялық шығу есіктері жабдықталды. Әрлеу кезінде отандық өндірістің заманауи әрі берік материалдары пайдаланылды.

2012 жылы салынған Арыс-2 вокзалының ғимараты 610 шаршы метр аумағы сақтала отырып жаңғыртылды. Станция арқылы апта сайын Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Бурабай, Қызылорда, Атырау, Петропавл, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Түркістан және Шу қалаларына, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстанға қатынайтын 24 жолаушылар пойызы өтеді.

Ал Темір станциясының 2012 жылы салынған вокзалы қайта құрылып, оның орнына ауданы 490,5 шаршы метр болатын жаңа бір қабатты ғимарат салынды. Станция арқылы апта сайын Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау, Бурабай, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз, Шу, Шымкент және Түркістан бағыттарына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға қатынайтын 26 жолаушылар пойызы өтеді.

Вокзалдарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылды.

Бағдарламаның мақсаты – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және теміржол нысандарында қолайлы жағдай жасау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу