Түркістан облысында халықаралық іздеуде жүрген 3 шетел азаматы ұсталды

Қолға түскендердің ішінде қарақшылық шабуыл жасап, түрмеден қашып кеткендер де бар. 

Түркістан облысында халықаралық іздеуде жүрген 3 шетел азаматы ұсталды Фото: inbusiness.kz

Түркістан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген 3 шетелдікті ұстады. Олардың бірі – Өзбекстан Республикасының азаматы. Екі жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген оны тәртіп сақшылары Ордабасы ауданында қолға түсірген. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған 38 жастағы ер адам 2020 жылы түрмеден қашып, кейін Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен.

Аталған факті бойынша оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Екінші күдікті де Өзбекстан азаматы. Ол экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің Сарыағаш полицейлерімен бірлесіп жүргізген шара барысында қолға түсті. 30 жастағы шетел азаматына есірткі сақтаумен байланысты қылмыс жасағаны үшін Астана қалалық полиция департаменті тарапынан іздеу жарияланған.

Халықаралық іздеуде жүрген үшінші адам - Ресей Федерациясының азаматы, Келес ауданында ұсталды. Оған 2022 жылдың желтоқсан айында көрші елде іздеу жарияланған. Қазіргі таңда 21 жастағы шетелдік қамауға алынды.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта күдіктілерді экстрадициялау мәселесі жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу