Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Төле би ауданына жасаған жұмыс сапарында Қасқасу ауылдық округі, Кеңесарық елді мекеніндегі "Есімхан төбе" (Дәуіттөбе қалашығы) тарихи орнына келді. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарды саралаған ол "Есімхан төбеге" көңіл бөлінетінін айтты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсы.
""Есімхан төбені" насихаттап, ғалымдар мен тарихшылардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн. Ол жұмыстарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Өңірімізде тарихи орындар көп. Бірақ, соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Мысалы, осы жерге келген саяхатшылар ауылдың тұрғындары әзірлеген ұлттық тағамдарды тұтынып, этнографиясымен танысуы тиіс. Осы арқылы туризм дамиды. Біз тарихи орындарды насихаттап жаңғырту арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейміз", - деген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы маңнан табылған тарихи жәдігерлермен танысып, ауыл ақсақалдарымен пікір алмасты.
"Есімхан төбе" археологиялық ескерткіш Сайрамсу өзенінің оң жағасында орналасқан. "Дәуіттөбе" қалашығына 2006 жылы Түркістан облысы әкімдігінің "Тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы" МКҚК зерттеу жүргізген. Көне қалашық туралы деректер Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында сақтаулы. Ғалымдардың болжамы бойынша "Есімхан төбе" XIV-XVIII ғғ. салынған.
Ж.Түймебаев жұмыс сапарында тау етегінде қазақтың билері туралы 10 сериялы көркем фильмінің түсірілім барысын көрді. Облыс әкімдігінің қолдауымен "Сақ" киностудиясы қолға алған бұл фильм жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Фильмде Төле би және өзге де би-шешендеріміздің қайраткерлігі көрсетілмек.
Өңір басшысы "Осындай көрікті мекендерде этноауылдарды көбейту керек. Табиғаты керемет жерде жұрт демалып қана қоймай, тарихымен танысады. Жақында араб тарихшыларының бірі жазған деректі оқыдым. Онда түрік әскерлері өте айбынды әрі батыр екені айтылады. Біз өз тұлғаларымызды, батырларымызды, билерімізді жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Өз тарихы туралы әсерлі фильмдерді көріп өскен ұрпақ ұлтымен мақтан тұтатын болады. Түсіріліп жатқан фильмде ұлтымызыдың ұлағатты тұлғалары, халқымыздың салт-дәстүрі, батырлығы, шешендік өнері, жауынгерлігі көрсетіледі. Міне, бұл Елбасымыздың "рухани жаңғыру" бағдарламасымен үйлеседі" деп, түсірілім тобының жұмысына сәттілік тіледі.