Түркістан облысында көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды

383

Сауран ауданындағы нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. 

Түркістан облысында көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды Фото: Inbusiness.kz

Жобаның құны 1,4 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Биыл біз ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерге назар аударып, оны жүйелі түрде шешу жолдарын қарастырдық. Біріншіден, жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді", - деді Дархан Сатыбалды.

Облыс басшысы жылыжайларды жылыту шығындарының 20%-ы субсидияланатынын баса айтты. Оның ішінде фермерлік жылыжайлардың 1 гектары үшін 4,8 млн теңге, өндірістік жылыжайларға – 8,1 млн теңге. Жылыжай иелері бекітілген стандартқа сәйкес жұмыс жүргізбек.

"Осы жылға бұл мақсатта 500 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді", - деді ол.

Атап айтқанда, тікелей "Шұбаркөл" көмір разрезімен келісімшарт бар екенін айтты. Бүгінгі таңда көмірмен қамту мәселесі шешілді, деп жалғастырды облыс әкімі.

Облыс әкімі жергілікті шаруалармен кездескенін, олардың жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатындағы ұсыныстары мен өтініштерімен таныс екенін баса айтты.

"Екіншіден, мақта шаруашылықтарын дамыту мақсатында "Global Textile Solution", "TST JETISAY TEXTILE", "Cotton Мақта" және "Tulpar Textile" жобалары жүзеге асырылып отыр. Нәтижесінде мақта бағасына экспорттық тәуелділікті 100 пайызға жоятын боламыз. Сондай-ақ, мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері дақылдармен алмастыру мақсатында "Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты" жобасы жүзеге асырылып келеді. Үшіншіден, су шаруашылығын дамыту үшін "Тұран су" мемлекеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен, каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқаруға қол жеткіздік", - деді аймақ басшысы.

Спикердің сөзінше, осылайша бюджет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиімділігі 1,5-2 есе жоғары болды. 

Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Жобаның құны – 1,4 млрд теңге, ал қуаты 4 000 тоннаны құрайды.

Дархан Сатыбалды нысан келесі жылы пайдалануға берілетінін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу