Түркістан облысында 2026-2027 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кадрларды даярлауға 15 600 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығындағы сұраныс, инвестициялық жобалар және жұмыс берушілердің қажеттілігі негізінде қалыптастырылған. Қазірдің өзінде 24 549 орынға сұраныс түсіп, оның 17 042-сі аудан және қала әкімдіктерінің ұсыныстары арқылы жасақталған.
Құжат қабылдау 25 маусымнан 29 тамызға дейін "OQU" ұлттық білім беру платформасы арқылы жүргізіледі. Бүгінде 5 500-ден астам талапкер колледжге қабылданған.
Мемлекеттік тапсырыс аясында ауыл шаруашылығы, ветеринария, құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, туризм және қызмет көрсету салаларына қажетті мамандар даярлауға басымдық берілмек.
Өткен жылы Түркістан облысындағы колледждерді 12 619 түлек бітіріп, олардың 81 пайызы жұмысқа орналасқан. Жаңа оқу жылында да негізгі мақсат – сапалы білім беру, мамандарды сұранысқа сай даярлау және түлектердің тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету.