Түркістан облысында колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлінді

1123

Колледжде грантқа түскен студенттерге арнаулы білім, 30 мың теңге стипендия беріледі. 

Түркістан облысында колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлінді Фото: google

Биыл Түркістан облысындағы арнаулы оқу орындары мен колледждерге мемлекет тарапынан 15300 грант бөлініп отыр.

Бұл мәселе 2023-2024 жылы оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссия отырысында талқыланды.

Жиынға төрағалық еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев оқушыларды, жастарды мемлекеттік грантпен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Былтыр Түркістан облысы үшін арнаулы оқу орындарына 17 мың грант бөлінген. Бірақ оның біразы игерілмей, кері қайтарылған. Оның түрлі себептері бар. Бірақ биыл мұндай олқылық қайталанбауы тиіс. Осыған сәйкес өңірімізге 15300 грант ұсынылып отыр. Оның 650-ден астамы облыстық бюджеттен медициналық мамандарды даярлауға бағытталды.

Осы мүмкіндікті жастарымыз пайдалансын. Өңірде 52 колледж бар. Мемлекеттік тапсырысты білім стандартарына әрі техникалық талаптары сай оқу орындары ғана алады. Түркістан облысында биылғы оқу жылы 30 мыңға жуық оқушы мектепті бітірсе, 42 мың оқушы 9-сыныпты тәмамдайды. Демографиялық өсім, оқушылар саны, жұмыссыз және мамандық алмаған NEET санатындағы жастар саны бойынша да алдыңғы қатардамыз.

Сондықтан оларды білім беріп, мамандықпен қаматасыз етпесек болмайды. Жастарды қолдау керек. Әрбір мектепте осы бағытта түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Бұл ретте жауапты басқарма, колледждер, Жастар ресурстық орталықтары бірлесе жұмыс атқарулары тиіс. Гранттар облыстың дамуына қажетті әрі еңбек нарығында сұранысқа сай жұмыс орны бар мамандықтарға ғана бөлінгені жөн, – деген Бейсен Дәулетұлы жауаптыларға тапсырмалар берді.

Жиында Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаев техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыстар мен гранттарды бөлу жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бірнеше басқармадан ұсыныстар жинақталып, 87 мамандық бойынша қажеттілік анықталған. Гранттарды бөлуде осы ұсыныстар да негізге алынбақ. Комиссия мүшелері мектепті 3-4 жыл бұрын бітірсе де, білім алмаған жастарды да оқумен қамту мәселесін көтерді. Бүгінде бұл санаттағы жастардың да саны, тізімі жасақталып жатыр.

Жалпы, биыл өндірісті дамыту мақсатында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары үшін 8375 грант, ауыл, орман, балық шаруашылықтары және ветеринария саласына – 700, қызмет көрсету кадрларын даярлауға 1575 грант бөлу жоспарланған. Яғни, техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Білім саласы мамандарын даярлауға – 1100, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 275, кәсіпкерлік басқару және құқық саласына –375, цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін 1950 грант бөлу межеленіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу