Облыс тұрғындарының қатты отынға қажеттілігі 907 мың тонна болса, бүгінге дейін соның 93% тасымалданған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев мәлімдеді. Оның айтуынша қазір Сарыағаш пен Арыс қаласындағы темір жол тұйығында 1617 тонна көмір қоры бар. Бұдан бөлек кеше ғана 49 вагон қатты отын облыс аумағына жеткізілгенін. Оның 39-ы Сарыағаш, 6-ы Түркістан қаласына, ал қалған 4 вагоны Манкент станциясына түсірілді. Сондай-ақ әкім орынбасары кеше тағы 102 вагон көмір келгенін, әлі 347 вагон қатты отын жолда келе жатқанын мәлімдеді. Осылайша көмір қоры биыл облыс тұрғындарының қыстан қысылмай шығуына толық жететінін жеткізді.
Айта кетейік, қаңтар айының басында күн күрт суытып, өңірдегі кейбір аудан тұрғындары көмір тапшылығын сезінген болатын. Әсіресе, жылыжай шаруашылықтары зардап шеккен еді.
"Министрлік пен "Қазақстан темір жолмен" және кен орындарының басшыларымен келіссөздер өткізіліп, Түркістан облысына көмір жеткізуді ұлғайту туралы келісімге келдік. Негізгі бөлігі Сарыағаш ауданына жіберілетін болды. Қасында Келес ауданы бар, ары қарай Мақтаарал, Жетісай аудандары бар. Шардара ауданының кішкене бөлігі осы Сарыағаштан алады. Жылыжайлардың көбі осын Сарыағаш ауданында. Бұл біздің бағылауымызда, бүгінгі күні көмір шапшылығы жоқ", - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев.