Түркістан облысында мақтаның элиталық сорты өсірілмек

268

Өңірде мақта өнімділігін көбейтіп, шикізатты терең өңдейтін 9 жоба іске қосылады.

Түркістан облысында мақтаның элиталық сорты өсірілмек Фото: gov.kz

Түркістан облысы — елімізде мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан, оның өнімділігі де төмен болып отыр. Бұл туралы өңір әкімі Дархан Сатыбалды есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біздің өңірдің басты ерекшелігі — халықтың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы — халық тұрмысының маңызды саласы болып есептеледі. Біз ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал мен өсімдік өнімін терең өңдеу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 958 млрд теңгені құрап, 105,8% өсім көрсетті. Осыған сәйкес, өндірілген өнім көлемі бойынша облысымыз республикада жоғарғы көрсеткішке ие", — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік брифингте.

Жалпы мақта кластерінде 226 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар толық іске қосылғанда 41 мың жұмыс орны құрылады. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетуі тиіс.

"Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіретін және шикізатты терең өңдейтін мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады. Түркістан қаласында 147 млрд теңгеге мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Зауытта 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр үй тоқыма бұйымдары, 7 миллион дана төсек-орын шығарады", — деді аймақ басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу