Түркістан облысында мал ауруларының алдын алу шаралары күшейтілді

432

Өңірде энзоотиялық іс-шараларға 553,7 млн теңге бөлініп, ветеринариялық қауіпсіздік тұрақты бақылауға алынды.  

Түркістан облысында мал ауруларының алдын алу шаралары күшейтілді Фото: gov.kz

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі энзоотиялық іс-шаралардың орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиында облыс әкімі ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, жұқпалы аурулардың алдын алу, залалсыздандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу және қаңғыбас жануарларды ұстау жұмыстарын жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібековтің айтуынша, биыл энзоотиялық іс-шараларға облыстық бюджеттен 553,7 млн теңге бөлініп, күзгі кезеңге қажетті ветеринариялық препараттар аудан-қалаларға толық жеткізілген. Бұл жұмыстарға 1538 ветеринария қызметкері тартылып, олар арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бүгінде облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты. Жоспарға сәйкес ірі қараға 1 млн 89,3 мың доза, ал ұсақ малға 4 млн 866,9 мың доза аусылға қарсы вакцина егілген. Оның ішінде шекаралас аумақтардағы малдарға SAT-1 типіне қарсы 75 200 доза вакцина салынды.

Өңірде көктемгі залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталып, күзгі кезең мерзімінен бұрын басталған. Қазіргі таңда ірі қараны бүрку, ұсақ малды тоғыту және қора-жайларды залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда.

Жиын барысында қаңғыбас жануарлар мәселесі де қаралды. Облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне оларды ұстау жұмыстарын күшейтіп, ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты шараларды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу