Түркістан облысында мал сүйегін өңдейтін зауыт іске қосылады

407

Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін май мен желатин өндіруге мүмкіндік береді.  

Түркістан облысында мал сүйегін өңдейтін зауыт іске қосылады Фото: gov.kz

Түркістан облысында мал шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін жаңа өндіріс іске қосылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Huating Biotechnology Co., LTD" компаниясының зауыты қыркүйек айында алғашқы өнімін шығаруды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын жергілікті бордақылау алаңдарынан жеткізілетін мал сүйектерін қайта өңдеуге маманданады. Өндірістің қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін май және желатин өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 9 млрд теңге. Оның алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынып, 30 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды. Зауыттың бірінші кезегін биыл қыркүйекте іске қосу жоспарланған.

Жобаның басты ерекшелігі – бұрын өндіріс қалдығы ретінде қарастырылған мал сүйектерін қосылған құны жоғары өнім өндіруге пайдалану. Осылайша өңірде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеудің жаңа өндірістік тізбегі қалыптасады.

Сонымен қатар инвестор өндірісті кеңейтіп, мал сүйектерінен ыдыс-аяқ, жемшөп және басқа да өнімдер шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Бұл бағыттағы жобалар қосылған құнды ел ішінде қалыптастырып, отандық өндірістің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу