Түркістан облысында мұғалімдер электронды күнделікті жол жиегінде толтыруға мәжбүр

588

Оған ауылда интернеттің болмауы себеп.

Түркістан облысында мұғалімдер электронды күнделікті жол жиегінде толтыруға мәжбүр Фото: Facebook

Түркістан облысына қарасты Аққұм ауылының мұғалімдері ноутбук құшақтап, жол жиегінде жұмыс істеуге мәжбүр, деп жазады inbusiness.kz otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

OTYRAR порталының жазуынша, жергілікті тұрғындар қоңырау шалу үшін тауға шығады. Әсіресе байланыстың жоқтығынан ауыл мектебінің мұғалімдері ең көп зардап шегеді. Себебі олар электронды журналдарды күн сайын толтырып отыруға міндетті. Оқушылар информатиканы тек теория жүзінде ғана оқиды, ал мектеп компьютерлері үстелде шаң басып тұр.

"Аудан орталығынан электрондық хаттар көптеп түседі. Оларды интернеттің көмегінсіз ашу мүмкін емес. Сондықтан біз осы үшін жиі сөгіс аламыз", — деді информатика пәнінің мұғалімі Алмас Сарман.

Оның сөзінше, мектепте айына бар болғаны 10 гигабайт интернет бөлінеді. Бұл мардымсыз болғандықтан, интернет трафигі тез таусылып қалатын көрінеді.

Мұғалімдер жол жиегінде жүріп, ноутбуктерінде электронды журналдарды толтырады. Ал суық күндері көрші ауылға қатынауға мәжбүр. Олар осылай жүргендеріне 2 жыл болғанын айтады.

"Кейде таныстарымыз істейтін кафеге барамыз. Бір бұрышқа отырып алып, жұмысымызды істейміз. Әр тоқсан сайын бізге есеп беру керек. Ондай кездері түнгі 12-ге дейін жүреміз. Балаларымыз қараусыз қалады. Біз не мектепте не үйде емеспіз. Адамдар кейде Аққұм мұғалімдері сығандар сияқты жүр деп айтады", - деді бастауыш сынып мұғалімі Құралай Қожабергенова.

Бұл жағдайдан шенділер де хабардар болып шықты. Олар ауылда спутниктік станция орнатылғанын, мәселені шешу үшін 45 метрлік мұнара орнату керегін айтады. Демеуші де табылыпты. Алайда ұялы байланыс операторымен келісу мүмкін болмаған.

Шенеуніктер ауылда интернет болады деп сендіреді. Олар оптикалық желіні жүргізуге ниетті. Алайда мәселенің нақты қай уақытта шешілері белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу