Түлкібас ауданында "Састөбе инновациялық кешені" ЖШС-нің ірі өндірістік зауытының құрылысы ресми түрде басталды.
180 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық жобаның аясында каустикалық сода, поливинилхлорид (ПВХ), цемент, әк және кальций карбиді өндіріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бұл жоба Қазақстандағы ең ірі әк өндіруші кәсіпорынға айналады. Ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді де арттыруға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады", - деді өңір басшысы.
Жобаға республикалық бюджет есебінен инфрақұрылым тартылып, "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі" ұлттық жоба аясында қолдау көрсетілген.
Зауыт 2026 жылы іске қосылады. Онда жылына:
- 400 мың тонна әк,
- 200 мың тонна кальций карбиді,
- 100 мың тонна каустикалық сода,
- 120 мың тонна ПВХ,
- 1 млн тонна цемент өндіру көзделіп отыр.
Зауытта шамамен 1 000 адам жұмыспен қамтылады. Өнімдер ішкі нарықпен қатар шетелге де экспортталады.
Қазіргі таңда республикада мұндай кешен жоқ. Жоба құрылыс, химия және металлургия салаларының дамуына серпін береді. Сондай-ақ, экологиялық таза, заманауи өндірістік технологиялар қолданылады.