Түркістан облысында өңірлік өнім көлемі 4 триллион теңгеден асып отыр

Өңірде 7 ірі жоба жүзеге асырылмақ.

Түркістан облысында өңірлік өнім көлемі 4 триллион теңгеден асып отыр Фото: rgmedia.kz/

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша оң өсімге қол жеткізіп отыр. Экономиканың басты көрсеткіші болып саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн теңгеден асқан. 

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған "Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты биылғы Жолдауында экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуды тапсырды. Инвестиция тарту жұмысын күшейту керектігін айтты. Түркістан өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде кіріс көздері ұлғайып, өндіріс орындары көбеюде, – деді Дархан Сатыбалды. 

Аймақта өнеркәсіп өнім көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд теңгеден асты. Оның ішінде қайта өңдеуге барынша басымдық берілген. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артқан. Өсім негізінен тау-кен, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және жиһаз өндірістерінде ерекше байқалады.

Өңірде өндірісті дамыту үшін энергетика тапшылығын шешу және индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгізіліп, қолдау тапқан. Сонымен бірге энергетика тапшылығын шешу мақсатында 1,9 трлн теңгеге жалпы қуаты 2,7 ГВт болатын 7 ірі жоба жүзеге асырылады.

Сайрамда қуаты 1000 МВт болатын станцияның құрылысы басталып кеткен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу