Түркістан облысында "Оңтүстік аңыздары" экспедициясы басталды

881

"Оңтүстік аңыздары"  атты туристік экспедицияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық саяхатшы қатысуда.  

Түркістан облысында "Оңтүстік аңыздары" экспедициясы басталды

Бүгін республикалық деңгейдегі Nomad explorer экспедициясы Түркістан облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марғұлан Сейсембаевтың бастамасымен құрылған экспедиция құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, журналистер, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар және өзге де сала өкілдері бар.  Бұған дейін  Жамбыл облысының киелі орындарын аралаған саяхатшылар өңірдің  табиғаты мен шежірелі тарихымен танысты. Қонақтар Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірінде болып, ондағы ерекше көрініске сүйсінді. 

Белгілі спорт жанашыры, "Қазақстан барысы"  жобасының авторы Арман Шораев экспедицияға осы үңгірді көру үшін арнайы келгенін айтып өтті. Ал, танымал режиссер Ақан Сатаев Түркістан облысында фильм түсіруге сұранып тұрған орындар өте көп екенін жеткізді.

4 автобус пен 60-тан астам жеңіл көлікке мінген саяхатшылар табиғат аясында тамақтанып, нағыз көшпенділерге тән өмірді сезінді десе болады. Ақмешіт үңгіріне аялдаған соң саяхатшылар Домалақ ана кесенесіне зиярат жасады. Сондай-ақ Шаяндағы Аппақ Ишан мешітіне де атбасын бұрып, тарихымен танысты. Экспедиция мүшелері алдағы күндері облыстағы өзге де киелі орындарды аралайды.

Республика бойынша киелі және туристік орындар саны бойынша да Түркістан облысы алдыңғы қатарда. Осы орайда республика көлемінде үш экспедиция ұйымдастырылған. Ауқымы және қатысушылар саны жағынан ең үлкені – осы "Оңтүстік аңыздары" саналады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу