Әлеуметтік желілерде Түркістан облысы Созақ ауданында ҰҚК қызметкерлері полиция қызметкеріне жеке тінту жүргізіп, тексеріп жатқан бейнежазба тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Онда күдікті өз қалтасындағы заттарды көрсетіп тұрған кезде, қашуға әрекет жасаған. Алайда Түркістан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҰҚКД-мен бірлесіп, құқыққа қайшы әрекеттер жасады деген күдікпен аудандық полиция бөлімінің қызметкерін ұстады.
Ұсталған полицей жергілікті тұрғыннан тіркелмеген аңшылық қару тапқан. Кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 200 мың теңге талап еткен.
Бұл оқиғаға қатысты Түркістан облысы Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
"Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша болған оқиғаның бүкіл мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Осы ретте полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өткізіліп, оның шешімімен қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды", – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ басқа жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.