Биыл Сарыағаштық диқандар баклажанды жылыжайда өсіруді қолға алды. Қаңтар айында 4 гектар жерге 120 мың түп көшет отырғызған. Қазір ондағы жас көшеттер жайқалып тұр, алды түйін байлай бастаған. Алдағы сәуір айында толық пісіп, жетіледі, деп хабарлайды 24.kz.
Мұндағы ауа температурасы 18-20 градустан төмен болмауы керек. Сонда тез өседі, әрі ауруға шалдықпайды. Егер бабы мен күтімі келіссе, әр түп 4-5 келіге дейін өнім береді. Демек, 1 маусымда 4 гектардан 400 тонна өндіріледі.
Қазір мұнда 80 адам тұрақты еңбек етеді. Айына 60-70 мың теңгеге дейін жалақы алады.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 181 гектарға қосымша жылыжай салынып, жалпы көлемі 1 мың 344 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлардың 77 пайызы осы өңірге тиесілі.
"Бірінші жыл егіп жатырмыз. Құдай қаласа, жақсы өнім аламыз деген үміттеміз. Қарау керек. Жылуды өте жақсы көретін өсімдік. Ресей мен Астана, Алматы, Қарағанды қалаларымен келісімшарт жасалды. Өздері келіп, баклажанды көріп, алып кетеді", – дейді бас агроном Бауыржан Қалыбай.