Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығына орай 5 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында мәлім болды. Жиында Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары кеңінен талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаеваның айтуынша, жоспарға тек мерекелік шаралар ғана емес, жыл бойы жүзеге асатын әлеуметтік қолдау шаралары да енгізілген.
Бүгінде өңірде 9 соғыс ардагері мен 3 305 тыл еңбеккері тұрады. Ардагерлер Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларында өмір сүреді.
Сондай-ақ, Жеңістің 80 жылдығына орай батырлардың есімдерін ұлықтау мақсатында түрлі мәдени және спорттық шаралар өтеді. Атап айтқанда:
- Тарихи тұлғаларды насихаттайтын конкурстар мен экскурсиялар
- Ғылыми-практикалық конференциялар
- "Жас Ұлан" әскери-спорттық ойындары
- Әскери шеру және бұқаралық спорттық жарыстар
Бұдан бөлек, "Саламатты Қазақстан" мамандандырылған пойызы шалғайдағы елді мекен тұрғындары мен ардагерлерге тегін медициналық қызмет көрсетуде.