Түркістан облысында сор шаю үшін 400 млн текше метр су берілді

146

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Түркістан облысында сор шаю үшін 400 млн текше метр су берілді Фото: gov.kz

Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы Жетісай және Мақтаарал аудандарында сор шаю жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жалпы алғанда филиал Жетісай ауданындағы 53,6 мың гектар және Мақтаарал ауданындағы 41 мың гектар алқапта сор шаю үшін 400 млн текше метр су жіберді.

Сонымен қатар Шардара ауданында 8,1 мың гектар алқапта топырақты ылғалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл мақсатқа 262 млн текше метр су берілген.

Өңір диқандары судың уақытылы жеткізілгені үшін "Қазсушар" РМК мамандарына алғыс білдіруде.

"Жеті гектар жерде мақта өсіріп отырмыз. Қазір егіске дайындық үшін алқаптарды ылғалдандырып жатырмыз. Су уақытында әрі жеткілікті көлемде келіп тұр. "Қазсушар" қызметкерлеріне алғыс айтамын. Тұрақты су жеткізудің арқасында биыл мол өнім аламыз деп үміттенеміз", – деді шаруа Ақжан Сүлейменбеков.

Сор шаю жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталды. Бүгінде бұл жұмыстар толық аяқталды. Қазір суармалы алқаптарға көкөніс пен бақша дақылдарын суару үшін су беріп жатырмыз. Сор шаю жұмыстары мақта дақылын өсіру үшін аса маңызды. Жоғары өнім алу үшін топырақтағы тұз мөлшерін төмендету қажет. Ал ылғалдандыру жұмыстары егіс алдындағы дайындық кезеңінде жүргізіледі", – деді "Қазсушар" РМК Түркістан филиалы Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу