Түркістан облысында ағайынды екі азаматтан 1350-ден астам түп сора тәркіледі, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
"Қарасора – 2023" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі өсірді деген күдікпен бұрын сотталған екі ағайындыны анықтады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктілердің бірінің үйінен сораға ұқсас құрамында есірткі заты бар өсімдіктің 1300 түбін анықтап, тәркіледі.
Әрі қарай жедел уәкілдер, оның інісінің үйін тінту кезінде есірткіге ұқсас 59 түпті тәркіледі. Тәртіп сақшылары тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, айғақты заттар жалпы салмағы 55 келіден астам сора болып шықты.
Аталған фактілер ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігі (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта екі ағайындыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.