Түркістан облысында тасжолдарға блок-бекеттер қойылып жатыр

310

Қар құрсауында қалған 31 жолаушыға көмек көрсетілді.

Түркістан облысында тасжолдарға блок-бекеттер қойылып жатыр Фото: inbusiness.kz

Күн райының күрт суытуына байланысты Түркістан облысындағы жолдар жабылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазіргі кезде "Алматы-Ташкент-Термез" автожолының 601 шақырымындағы Шақпақ ауылының маңы мен 654 шақырымындағы Машат асуында 2 блок-бекет орнатылды. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы аумағындағы облыстық маңызы бар Шаян-Ағыбет, Шаян-Ақбастау, Шаян-Мыңбұлақ, Шаян-Бірлік-Кеңестөбе автожолдары жабылып, қосымша 4 блок-бекет қойылды. 

Өңірде тәртіп сақшылары мен төтенше жағдай мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жол бойында адасып қалған және автокөліктері қарда тұралап қалған жолаушыларға көмектесуде. Мәселен, Республикалық маңызы бар "Алматы-Ташкент-Термез" автожолының 635 шақырымындағы Қарашық ауылы маңында 6 жолаушымен Түркістаннан Алматыға шыққан "Toyota Alphard" көлігі және 5 жолаушысы бар 3 жеңіл автокөлік қар құрсауынан шығарылды.

Бәйдібек ауданы аумағында жол ортасында тұрып қалған 17 жүргізушіге көмек көрсетіліп, 6 көлік кері қайтарылды. 

"Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен 11 желтоқсаннан бастап маңызы бар жолдарда патрульдеу мен ауа-райының құбылуына байланысты жолаушыларға көмек көрсету жұмыстарын тәулік бойы жүргізілуде. Сақшылар тұрғындарға ауа-райының қолайсыз болуына байланысты алыс жолға шықпау керектігін ескертеді" - деді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу