Түркістан облысында "Тойота Ланд Крузер"-ден 700 келі есірткі тәркіленді

701

Көлік ішінде Нұр-Сұлтан мен Жамбыл облысының тұрғындары болған.  

Түркістан облысында "Тойота Ланд Крузер"-ден 700 келі есірткі тәркіленді

Түркістан облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Созақ ауданының полицейлері жүргізген "Қарасора-2020" жедел-іздестіру шарасы кезінде есірткінің ірі партиясы анықталған. Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбековтің мәліметінше, арнайы топ Созақ ауданында "Тойота Ланд Крузер" көлігін тоқтатқан. Көлікті тінту кезінде ішінен 37 полиэтилен қапшығы мен өсімдік тектес есірткі заттары бар бірнеше ыдыс  табылған. 

"Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленіп алынған есірткі заты жалпы салмағы 650 келіден асатын "кептірілген марихуана" және 48 келіге жуық  гашиш болып шықты. Анықталғандай, ұсталған екі күдікті Нұр-Сұлтан қаласы және Жамбыл облысының бұрын сотты болған  тұрғындары. Күдіктілер Жамбыл облысынан шыққаны белгілі болды. Одан әрі олар Созақ ауданы арқылы жол бойындағы айналма жолдармен Қостанай облысына қарай кетпек болған. Алайда Бетпақдала аумағында көлік жүрмейтін жолдармен жасырынып кетіп бара жатқан көлікті қорықшы байқап қалып, полицияға дереу хабарлаған.  Бүгінгі күні Түркістан облысының полиция қызметкерлері күдіктілер есірткінің ірі партиясын қандай мақсатпен тасымалдағанын, сондай-ақ біздің облысқа есірткі құралдарын жеткізу арналарын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде",–деді департаментін бастығының орынбасары. 

Айта кетейік, күдіктілер қамауға алынды. Олардың үстінен  Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі "Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. 

Жансая Тәуекелқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу