Түркістан облысында түрмедегілер кафельмен қолдарын тілгілеп тастады

1039

Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқандар ішкі тәртіп ережесіне осылайша наразылық білдіріпті. 

Түркістан облысында түрмедегілер кафельмен қолдарын тілгілеп тастады

Түркістан облысы, Төлеби ауданында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде 6 жазасын өтеуші өз-өздеріне дене жарақаттарын салған. Олар кафельді сындырып, оның сынықтарымен қолдарын қасақана тілгілеген. Түзеу мекемесіндегілердің айтуынша, өмірлеріне қауіп келмеген. Наразылық білдірген жазасын өтеушілер кісі өлтіру, есірткі саудасы үшін сотталғандар екен. Ал бұл әрекеттің бастамашысы Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі 1, 3-тармағы, яғни, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, дайындау және өткізу бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген 28 жастағы азамат болған. Түзеу мекемесіндегілер бұл азаматтардың  ішкі тәртіпке теріс көзқараспен қарайтынын және түзету жолына түскісі келмейтіндігін айтып отыр. Ал бұл оқиға  Ұлттық ұланның, өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерімен, сондай-ақ прокуратура өкілдерінің және облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығының қатысуымен өткен ішкі тексеру кезінде орын алған. 

"Жазасын өтеп жатқан 6 азамат мекеме әкімшілігінен алынған тыйым салынған заттарды қайтаруды талап етіп, наразылық білдіру үшін өздеріне қасақана дене жарақаттарын салды. Оларға колонья қызметкерлері дереу медициналық көмек көрсетті. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Ауруханаға жатқызуды қажет етпейді",– деді ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Сәбит Сопиев. 

Департамент өкілінің сөзінше, жазасын өтеушілерден DVD дисктер мен көрпе, жылытқыш пештер табылған. Бірақ бұл заттарды сотталғандар камераға қалай алып кіргені белгісіз. Қазіргі таңа бұл оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. 

Айта кетейік, қауіпсіздігі барынша жоғары ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін 485 адам жазасын өтеп отыр. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу